Қазақстанда күн сайын балаға қатысты 6 қылмыс анықталады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев бала қауіпсіздігін сақтау мәселелерін көтеріп, Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Бас прокурор Берік Асыловқа сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына Жолдауында: «Кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін» - деген еді.

«Жыл сайын елімізде балаларға қарсы 2000-ға жуық қылмыс жасалады. Яғни, күн сайын кемі 6 қылмыс тіркеледі. Бұл – өте қорқынышты статистика. Сонымен қатар, жыл сайын 4 мыңнан астам бала бейімдеу және оңалту орталықтарына жеткізіледі. Жыл сайын 150-ге жуық сәби қараусыз қалғандықтан көпқабатты үйлердің терезесінен құлап кетеді. Президенттің бұл мәселеге араласуы – жағдайдың расымен де ушығып кеткенін көрсетеді», - деді Е. Бейсенбаев Мәжілістің жалпы отырысында.

Депутат ата-ана қамқорынсыз қалған балалардың көбірек зәбір көретінін атап өтті. Өгей әке-шешеден зорлық-зомбылықтың жиі болуы – әлеуметтік қорғауда жүйелі жұмыстың жоқтығын көрсетеді. Яғни учаскелік инспекторлардың, кәмелетке толмаған балалармен айналысатын мамандардың жұмысына сын көп.

«Қоғам да бей-жай қарамауы керек. Мәселен, Алматыда өгей анасының қолынан қайтыс болған 7 жасар Каринаның жанұшыра айқайлаған дауысын көршілері естіген, бірақ ешбірі ара түспеген. Кеше ғана Алматыда 44 жасар әкесі 2 жыл бойы өз қызына көрсеткен зорлығы үшін 20 жылға сотталды. 20 жылға ғана, бұл нонсенс. Мұндай қылмыскерлер өмір бойына бас бостандығынан айрылуы керек», - деді Е. Бейсенбаев.

Оған қоса, мектептегі буллинг пен кибербуллинг мәселесі де толастар емес.

«Біз беретін нақты ұсынымдар мыналар: балалардың терезеден құлау фактілеріне байланысты, әкімдіктер, КСК тарапынан түсіндірме жұмыстары күшейтілуі тиіс; отбасындағы ішімдікке немесе нашақорлыққа салынған азаматтардың барлығы қатаң бақылауға алынуы керек. Олармен пробациялық жұмыстарды жүйелі деңгейде өткізу маңызды; бала қауіпсіздігін сақтауда барлық мемлекеттік органдар бірлесіп, жүйелі әрі жылдам жұмыс жасауы қажет», - деді Мәжіліс депутаты.