Қазақстанда күніне қанша мұнай өндіріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2019 жылғы қаңтарда Қазақстан бойынша 8 млн тонна мұнай өндірілді. Тәулігіне орташа өндіру деңгейі 258,3 мың тоннаны құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ақпан айында алдын ала деректер бойынша Қазақстан бойынша мұнай өндіру 7,23 млн тоннаны құрады. Тәулігіне шамамен 259,3 мың тонна өндірілді. 2019 жылдың 2 айында жалпы өндіру 15,2 млн тоннаға жетті. Осы орайда орташа тәуліктік өндіру 257,6 мың тоннаны немесе тәулігіне 1,880 млн баррельді құрады», - делінген ҚР Энергетика министрлігінің Фейсбуктегі парақшасында.

Атап айтқанда, Қазақстанның ОПЕК алдындағы міндеттемелері ~1,860 млн баррель құрайтынын ескере отырып, онда тәулігіне тек қана 20 мың баррель ауытқу бар екенін байқауға болады. Бұл өз кезегінде Қазақстанның ОПЕК алдында өз міндеттемелерін орындауға тырысатынын көрсетеді.

Еске сала кетейік, 2018 жылы елімізде 90 млн тонна мұнай өндірілді. Ал биыл 89 млн тонна деңгейінде өндіру жоспарлануда.