Министрдің айтуынша, қабылданған шаралар отандық өндіріс көлемін арттыруға және ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік берді.
– Басқа елдер арқылы цемент, гипсокартон, шыны, тас – бұйымдары мен құрғақ құрылыс қоспаларын импорттауға шектеулер енгізілді. Қабылданған шаралар ішкі нарықтағы баға деңгейіне кері әсер етпей, отандық өндіріс көлемінің артуына ықпал етті, – деді Ерсайын Нағаспаев.
Сонымен қатар министр ішкі нарықты тұрақты қамтамасыз ету мақсатында минералды тыңайтқыштар экспорты лицензияланғанын атап өтті. Оның нәтижесінде отандық фермерлер минералды тыңайтқыштарды келісілген тұрақты бағамен алып жатыр.
Бұдан бөлек, металлалом айналымын реттеу бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Бұл қара металлургияны дамытуға, болаттың жаңа маркаларын игеруге, сондай-ақ автомобиль жасау, машина жасау және құрылыс салаларына қажетті өнім өндірісін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, ұлттық тауарлар каталогына 30 млн жуық жазба енгізілді.