Қазақстанда құрылыс жанданды: қай өңірлер көш бастады

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы қаңтар-наурызда орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 14,8% өсіп, 1 231,4 млрд теңгеге жетті, деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі.

Фото: Алматы әкімдігі

Бюроның мәліметінше, құрылыс жұмыстары көлемінің өсуі негізінен құрылыс нысандарын салу және жөндеу жұмыстарының ұлғаюымен (37,5%-ға) байланысты.

— Орындалған құрылыс жұмыстарының (қызметтерінің) түрлері бойынша ең үлкен үлес автомобиль және теміржол жолдарын, сондай-ақ метрополитенді салу жұмыстарына (жалпы көлемнің 25,5%), тұрғын емес ғимараттар (22%) мен тұрғын үйлер (11,6%) құрылысына тиесілі, — делінген хабарламада.

Өңірлік бөліністе құрылыс жұмыстары көлемінің өсуі республиканың 16 өңірінде байқалды.

Айтарлықтай өсім:

  • Ұлытау облысында (2 есе),
  • Жамбыл облысында (52,7%),
  • Павлодар облысында (26,6%),
  • Маңғыстау облысында (23,1%),
  • Қызылорда облысында (22%-ға),
  • Батыс Қазақстан облысында (17,4%-ға),
  • Түркістан облысында (17,4%),
  • Шығыс Қазақстан облысында (15,9%), 
  • Шымкент (49,2%),
  • Алматы қалаларында (22,7%) тіркелген.

2026 жылғы қаңтар-наурыз айларында пайдалануға берілген жаңа нысандардың жалпы алаңы 4 846,9 мың шаршы метр болды. Тұрғын үйдің жалпы алаңы 2025 жылғы қаңтар–наурызбен салыстырғанда 3,8%-ға өсіп, 3 869,4 мың шаршы метрге жетті.

Бұдан бұрын елімізде құрылыс күрделілігін бағалаудың жаңа өлшемшарттары бекітілгенін жаздық.