Қазақстанда құрылыс қарқыны бәсеңдеді - министр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың қаңтарында құрылыс секторының қарқыны бәсеңси түсті. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өнеркәсіп өндірісінің өсуі қаңтарда 1,9 пайызға дейін баяулады. Сонымен қатар, сусын, пластмасса бұйымдарын өндіру, жеңіл және химия өнеркәсібі жоғыры өсімді көрсетті. Есепті кезеңде кен өндіру өнеркәсібінің көлемі 6,8 пайыз артты. Өсу мұнай өндірудің 5,3, табиғи газдың - 6,1 және түсті металдар кенінің - 15,8 пайызға өсуімен байланысты»,- деді Т.Сүлейменов.

Министрдің дерегінше, ауыл шаруашылығы тұрақты өсу қарқынын көрсетіп отыр. Өндіріс көлемі 3,5 пайызға ұлғайды. Өсім мал шаруашылығындағы өндірістің 3,6 пайыз өсуі есебінен қамтамасыз етілді. Бұл ретте, өсімдік шаруашылығы көлемі өткен жылдың деңгейінде сақталды.

«Құрылыс секторында төмендеу үрдісі байқалады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 1,8 пайызға қысқарды. Бұған көппәтерлі үйлер мен өнеркәсіп ғимараттарын, білім беру объектілерін, мұнай және газ магистральды құбыр жолдарын салу бойынша жұмыс көлемдерінің азаюы әсер етті», - деді ол.

Сонымен қатар ол жалпы қызмет көрсету саласының шығарылымы 3,6 пайызға өсіп, көлік саласында өсім 3,7 пайыз құрағанын айтты.

«Айтарлықтай өсім саудада 7,5 пайыз деңгейінде тіркелді. Бұл көбінесе газ, мұнай, мұнай өнімдері, қара және түсті металл кендері, жабдықтар, азық-түлік тауарлары, сусындар және тағы да басқа тауарлар бойынша бөлшек саудадағы, сол сияқты көтерме саудадағы тауар айналымының ұлғаюына байланысты», - деді министр.