Биылғы алты айда құрылыс материалдарының 66 пайызы отандық тауар өндірушілерінің үлесіне тиесілі болды. Отандық өндірушілер әртүрлі портландцемент, тауарлық бетон, гипс, құрылыс ерітінділері, гипсокартон сынды тауарлармен ішкі нарықтың қажеттігін жауып отыр
, - деп атап өтеді министрлік агенттіктің ресми сауалына берген жауабында.
Ведомство мәліметінше, биыл құрылыс материалдарын өндіретін екі жоба іске қосылды. Олар – елордадағы «Астана-Авто-Строй» ЖШС-ның асфальтбетон шығаратын зауыты және Маңғыстау облысындағы «CEMENT BETON M» ЖШС-ның темірбетон бұйымдарын шығаратын зауыты.
Айта кетерлігі, статистика мәліметтеріне сәйкес, осы жылдың қаңтар-шілдесінде еліміздегі орындалған құрылыс жұмыстары мен пайдалануға берілген жаңа нысандардың (тұрғын және тұрғын емес үй-жайлар, оның ішінде жалпы білім беретін мектептер, мектепке дейінгі ұйымдар, ауруханалар, амбулаторлық-емханалық ұйымдар және басқалары) жалпы ауданы 9 710 854 шаршы метрді құрады. Бұл өткен жылдың жеті айымен салыстырғанда 10,7 пайызға көп.
Мұнан бөлек, осы жылдың жеті айында тұрғын үй құрылысына салынған инвестиция көлемі 1 505,6 млрд теңге болды. Бұл 2022 жылдың 7 айымен салыстырғанда 2,5 пайызға жоғары.