Қазақстанда құрылыс сапасы үшін дербес жауапкершілік енгізіледі

АСТАНА. 20 маусым. ҚазАқпарат «Автожолдар саласын реформалау туралы» жаңа заң жобасында еліміздегі автомобиль жолдарын салу сапасын қадағалау жөніндегі жауапкершілікті күшейту қарастырылған.

Бұл туралы ҚР ККМ баспасөз қызметінен хабарланды.

Заң жобасында республикадағы автожолдарды салу мен реконструкциялау барысындағы техникалық және авторлық қадағалау жауапкершілігін күшейту қарастырылған. Айталық, бұл шара келісімшарт бойынша сапаның техникалық жағын бақылауға тиісті инженерлік компаниялар мен мамандарға тікелей қатысты.

Заңнамаға ұсынылған түзетулер арқылы жөндеу жұмыстарының барлық түріне, оның ішінде ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстарын тиісті деңгейдегі сапада орындамағаны үшін дербес жауапкершілікті енгізу көзделген.

Бұдан бұрынғы заңнамада жол бойында күрделі жөндеу жұмыстарын немесе реконструкция жүргізген мердігерлердің ғана жауапкершілігі ескерілген болатын.

Ал, аталған заң жобасында учаскеде құрылыс, реконструкция немесе жөндеу жұмыстарына қадағалау жүргізетін инженерлер тарапынан қандай да бір заң бұзушылық анықталған жағдайда оларды атаулы аттестаттан айыру мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен бірге инженерлік компанияны таңдау кезінде бұрын халықаралық келісімшарт бойынша жұмыс жасаған компанияларға басымдық берілетін болады.

Мұның сыртында автожол салу саласына FIDIC-тің негізгі қағидаттарын енгізу жоспарлануда. Бұл Инженер-кеңесшілердің халықаралық федерациясы шығарған типтік келісімшарт. Бұл қағидаттар жол құрылысын жүргізуде бүкіл әлем бойынша табыспен қолданылып келеді.

Сонымен бірге Көлік және коммуникация министрлігінің құзыретінде стратегиялық және ағымдағы жоспарлау, сондай-ақ құрылыс сапасын сараптау функциялары қалатын болады. Өткен аптада ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Автожолдар саласын реформалау туралы» жаңа заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданғанын естеріңізге саламыз.

Анықтама: FIDIC Инженер-кеңесшілердің халықаралық федерациясы. Негізгі қызметі халықаралық инвестициялық-құрылыс қызметіне қатысушылардың қарым-қатынасын реттеу үшін келісім шарттардың типтік шарттарын әзірлеу.