Қазақстанда құрылыс жүргізу саласында еurocode стандарты енгізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда құрылыс жүргізу саласында бұдан былай еurocode стандарты енгізілмек. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Кемеровадағы болған соңғы қайғылы оқиға - бұл құрылыс нормативтерінің, пайдаланудың және өрт қауіпсіздігін сақтамаудың салдарына байланысты болып отыр. Халықаралық деңгейдегі құрылыс нормасының аталмыш жүйесіне өту маңызды», - деді еurocode стандарты туралы айтқан министр ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. 

Жеңіс Қасымбектің айтуына қарағанда, еurocode стандартына өту жұмысы Қазақстанда қазірдің өзінде басталып кеткен.

«Біз қазір жоспарлы түрде ауысып келеміз. Өткен жылы құрылыс нормаларының еurocode стандарттары бойынша үлкен пакетін қабылдадық. Қазірдің өзінде нақты жобалар баршылық. Бәлкім, ол жобалардың саны аса көп емес те шығар, себебі олармен қатарлас тоқсаныншы жылдары кеңестік стандарттар базасы бойынша қабылданған ГОСТ бар», - деді министр.

Сонымен қатар, Жеңіс Қасымбек стандарттардың өзгеруіне байланысты құрылыс процесінің бағасы қымбаттап кетуі мүмкін екенін де жоққа шығармады.

«Ол бізге не береді? Біріншіден, құрылыс сапасының деңгейі мұнда айтарлықтай жоғары, талаптар қатаң. Әлбетте, бұл құрылыстың бағасына әсерін тигізуі де мүмкін, себебі мұнда талап бөлек. Бірақ, нәтижесінде бұл сапасы жоғары тұрғын және өнеркәсіптік ғимараттарға қол жектізуге мүмкіндік береді. Бұл Қазақстандағы құрылыс мәдениетіне сөзсіз әсерін тигізеді», - деді Жеңіс Қасымбек.