Қазақстанда қылмыстық айыппұл деңгейі төмендетілуі мүмкін
Қазақстанның Бас прокуратурасы қылмыстық айыппұлдарды тағайындауға қатысты заңнамалық өзгерістер пакетін дайындады. Бұл жөнінде бүгін ҚР Бас прокуратурасында өткен арнайы жиында жария етілді.
"Біріншіден, қылмыс үшін салынатын айыппұлдардың ең төменгі көлемін төмендету қисынды деп санаймыз. Кез келген жаза қисынға сай болуы тиіс. Еске сала кетейін, Қылмыстық Кодекс бойынша, 1997 жылы ең төменгі айыппұл 25 АЕК болатын. Қазір ол 500 АЕК-ке жетіп отыр. Біз оның көлемін 250 АЕК-ке төмендетуді ұсынамыз", - деді Бас прокурордың орынбасары Марат Аxметжанов криминологиялық форум барысында.
Оның айтуынша, бұндай жаңашылдық бірінші рет жеңіл ұрлыққа барған азаматтар үшін ұсынылып отыр.
Атап айтқанда, мұндай норма ұсақ ұрлық, жымқыру, жеңіл алаяқтық, өзгенің мүлкін иемдену және өзге де ауыр емес қылмыстарға таралуы керек, деп санайды Аxметжанов.
"Экономикалық ықпалдастық және даму ұйымы мемлекеттерінің тәжірибесі бойынша, 1000 АЕК-тен төмен айыппұлды төлеуге 1 жылға дейін, егер одан жоғары болса, 2 жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігін қарастыруға болады", деді спикер.
Бас прокурордың орынбасары атап өткеніндей, қолда бар заңнама бойынша, айыппұл бір ай ішінде төленуі тиіс, ал бөліп төлеу тек жарты жылға рұқсат етілген. Бұл, оның ойынша, көп азаматтар үшін мүмкін емес.
"Бүгінгі айыппұлдар 1 миллион теңгеден басталады және жарты миллиард теңгеге жетеді. Қазақстанда орташа айлық 143 мың теңге екенін ескерсек, айыппұл өтеуге кемінде 7,5 ай кетеді, бірақ ол үшін тамақ ішпей, бала-шағаны асырамай барлық қаражатты айыппұлды өтеуге жіберуге тура келеді", - деді Марат Ахметжанов.
"Кейбір адамдар айыппұлдарды тағайындау қоғамның қауіпсіздігін төмендетеді деп ойлайды. Бірақ айыппұл арқылы қауіпті қылмыскерлер мен жауыздарды ешкім босатқалы жатқан жоқ. Бұл тек жеңіл қылмысқа бірінші рет барған тұлғаларға ғана қолданылады", - деп атап өтті ол.