Қазақстанда қылмыстық жолмен алынған мүліктерді тәркілеудің жаңа институты енгізілмек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда қылмыстық жолмен алынған мүліктерді тәркілеудің жаңа институтын енгізу жоспарлануда. Ал тәркіленген мүліктердің «тағдыры» сот отырыстары арқылы шешімін таппақ.

Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде жаңа Қылмыстық кодекс жобасын екінші оқылымда талқылау барысында мәлім болды.

«Біз бүгінгі күні соттарға жалпы юрисдикцияны беру мәселесін қарастырып жатырмыз. Бұл қалай болады? Яғни, жоғарыда аталған мәселелер толыққанды сот отырыстарында жүзеге асады деген сөз. Бұл ретте жалғыз ғана судья емес, сот отырыстарында тәркіленген мүлікке байланысты мәселелер прокурордың, адвокаттың, сондай-ақ барлық мүдделі тараптың қатысуымен қаралып, онда қылмыстық жолмен алынған мүліктердің тәркіленгеннен кейінгі «тағдыры» шешімін табады», - деді депутат Рамазан Сәрпеков.

Оның сөзіне қарағанда, Кодекс жобасын талқылау барысында бұл мәселе тұжырымдамалы түрде қолдау тапты.

«Бастапқыда жобаны әзірлеушілер бұл сұрақты тергеу судьяларының құзыретіне жатқызған болатын. Ал тергеу судьясы негізінен оның барлық мәселелерді сотқа дейінгі өндірісте қадағалауы үшін жасалып жатыр», - деді Р. Сәрпеков.