Ал ауа райының жылыну үдерісі өзгелерге қарағанда қыс мезгілінде қарқынды жүруде. Бұл туралы бүгін Қазақ экология және климатты ғылыми-зерттеу институтының Бас директоры Ерлан Түлекбаев Астанада климаттың өзгеруіне байланысты өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, бүгінде қыс мезгілі әдеттегіге қарағанда 40-50 пайызға жылынып отыр. «Бұл өте үлкен көрсеткіш. Жалпы біздегі климаттың өзгеруіне парниктік газдардан өзге де проблемалар себеп болып отыр. Егер аталмыш үдеріс осы күйінде жалғаса беретін болса, болашақта біз оның зардабын шегетініміз сөзсіз. Өйткені ауаның жылынуы ауыл шаруашылығына ғана әсер етіп қоймай, мұздықтардың да еруіне соқтыруы ықтимал. Мәселен, 1995 жылдан бері еліміздегі мұздықтардың көлемі 41 пайызға кеміген. Аталмыш жағдай алда да осылай жалғасса, біздің болашақ ұрпақтарымыз 1 шаршы метр де мұз жолақтарын көре алмайтын болады», деді Бас директор.