Қазақстанда қытайдың балық ауларын сатуға тыйым салу керек - Елеусізов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда қытайдың балық ауларын сатуға тыйым салу керек. Бұл туралы бүгін «Табиғат» экологиялық одағының басшысы Мэлс Елеусізов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қытайдың көп таралған балық ауларына тоқталмақпын. Балқашта, Қапшағай су қоймасында жыл сайын боламын және біз тазалау жұмыстарын жүргіземіз. Сонда су түбі аталған аулардан көрінбейді. Соған балықтар оралып қалып, қырылып жатыр», - деді ол.

Осы ретте Елеусізов аталған ауларда пайдалануға, сонымен бірге сатуға тыйым салу бастамасын көтерді.

«Бұл аулар контрабандалық жолмен келіп, барлық балықшылар оны сатып алады. Сондықтан оны сатуға мүлдем тыйым салған жөн. Балқаш зардап шегуде. Жалпы, бұл аулар барлық балық шаруашылығы үшін трагедия болып отыр. Сол себепті тез арада шектеу енгізу және оны сатушылардың барлығын ұстау қажет», - деді экологиялық одақ басшысы.

Айта кетейік, Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінде еліміздегі  балық шаруашылығының жағдайы және даму мәселелері талқыланды. Отырыста ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев таяу аралықта балық шаруашылығын дамыту Үкімет отырысында қаралатындығын мәлімдеді.