Қазақстанда қытайлық мамандардың үлесі басым - вице-министр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жұмыс істеп жатқан шетелдік жұмысшылардың басым бөлігі - қытайлықтар. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта елімізде 32 мыңнан астам шетел маманы қызмет атқарып жүр.

«Біздің елде екі саясат жүргізіледі: біріншісі - ішкі еңбек нарығын қорғау, екіншісі - Қазақстан біздің басым жобаларымызды жүзеге асыратын жоғары білікті мамандарды тарту. Сондықтан елімізде квота мен жүйе енгізілген. Былтыр Қазақстанда 32 мың 363 шетел маманы тіркелген. Олардың ішінде 67 пайызы жоғары білікті мамандар болса, 32 пайызы - білікті жұмысшылар», - деп атап өтті ол.

Оның сөзі бойынша, Қазақстанда жұмыс істеп жатқан шетелдік жұмысшылардың басым бөлігі - қытайлықтар.

«Шетелдік мамандардың басым бөлігін қытайлықтар құрайды - 41 пайыз. Шамамен 15 пайызы немесе 5 мың адам - Түркия азаматтары. Келесі 4-5 пайызды Украина, Өзбекстан, Үндістан елдерінің азаматтары құрайды», - деп атап өтті вице-министр.