Бұл туралы бүгін ҚР Ауыл шарашылығы министрлігінің алқа мәжілісінде ведомствоға қарасты Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан Нысанбаев мәлім етті.
Оның атап өтуінше, 2005 жылдан бастап құлан, қарақұйрық, бұғы, арқар сынды «Қызыл кітапқа» енген жануарларды жаңа жерлерге көшіру жұмыстары қолға алынған. Бұл жұмыстар мемлекеттік сатып алулар конкурсын жеңіп алған түрлі ұйымдармен жүргізілген. «Қазіргі уақытта құландар мен қарақұйрықтарды «Алтынемел» ұлттық паркі аумағынан басқа жаққа көшіру мәселесі өткір болып отыр. Өйткені бұл аймақта олардың саны көбейіп кетті», - деді ол.
Сонымен қатар Е.Нысанбаев: Жерсіндіру және қайта жерсіндіру бойынша жүйелі жұмыстарды ұйымдастыру үшін «Аңшылық-зооөнеркәсіпті» қажетті техникалармен, құрал-жабдықтармен және білікті мамандармен жабдықтап, жабайы жануарларды қоныс аудару орталығын құру қажет», - деп атап өтіп, мұндай орталықтың жобасы әзірленгендігін, бірақ оның құрылысына қажетті қаржы бөлінбегендігін ескертті.
«Бұл мақсаттарды қаржыландыру қолдау тапқан жоқ. Аталған ұсыныс 2014 жылға арналған республикалық бюджет жобасына енгізілді», - деді ол.