Қазақстанда лаңкестік насихатының шырмауына түсіп қалған адамдарға көмек көрсетілуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Лаңкестік насихатының тұзағына түсіп қалған адамдардың туыстары негізінен оңалту көмегіне жүгінеді. Бұл туралы бүгін Астанадағы Орталық және Оңтүстік Азия елдеріндегі зорлық-зомбылық экстремизміне қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік конференцияда «Діндерді зерттеу орталықтарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің директоры Юлия Денисенко мәлім етті.

Оның айтуынша, Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның аясында қауымдастық ҚР Бас прокуратурасымен белсенді ынтымақтастық жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар орталық лаңкестер мен экстремистер насихатының ықпалынан зардап шеккен барша адамдарға көмек көрсетуде. Бұл орталыққа негізінен аталған насихаттаулардың залалын көрген адамдар көмекке жүгінеді екен.

«Оңалту көмегі үшін бізге адамдар келген 80 жағдайдың ішінде 90 пайызға жуығында лаңкестік насихатының шырмауына түсіп қалған азаматтардың туысқандары құрады. Біздің жеңісіміздің бірі - ол 16 жасар қыздың өз отбасына оралуына байланысты. Бұл қыз ғаламтор арқылы экстремистік топтың өкілдерімен танысып, желіде топтың бір мүшесіне тұрмысқа шығуға келіскен екен. Біздің жұмысымыздың мақсаты - адам өмірі. Аталған қыз бүгінде экстремистік көзқарастардан арылып, отбасына қайта оралды», - деді Ю.Денисенко.

Оның пайымынша, зорлық-зомбылықты экстремизмге қарсы іс-қимылдың басты қаруы - ол әлеуметтік шаралар мен әлеуметтік жобалар.

Сонымен қатар қауымдастық қоғамда экстремистік идеяларға қарсы тұру және олардың таралуына жол бермеу бағытында жұмыстарды атқаруда.

«Мен ҚХА мүшесі болып табыламын. 20 жылдың ішінде Ассамблея этникааралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделінің негізгі буынына айналды. Тек жыл басынан бері 470 әлеуметтік жоба бастау алды. Еліміздің елді мекендерінде 8 миллион адамның қатысуымен 17 мыңнан астам шара өткізілді. ҚХА-ның «20 игілікті іс» акциясының аясында 35 мың адамға көмек көрсетілді. 600 мыңнан астам адамның қатысуымен 2,5 мың шара ұйымдастырылды», - деді Ю.Денисенко.