Қазақстанда лифт қызметі жөніндегі ұлттық стандарт барлық компанияларға міндеттелуі мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда лифтілерді пайдалану және қызмет көрсету мәселелері жөнінде жасалған ұлттық стандарт барлық компанияларға міндетті болуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы «Қазақстанның стандарттау және сертификаттау институты РМК бас директорының орынбасары Еркежан Әмірханова мәлімдеді.

«Лифт қауіпсіздігі туралы Еуразия экономикалық комиссиясының техникалық регламенті лифтіні дайындау мен монтаждау мәселелерін реттейді. Бұл регламент ЕАЭО-ның 5 мемлекетінде күшіне ие. Сонымен бірге, лифтілерді қолдануға қатысты мәселелер өте көп. Себебі, өндіріс пен қолдану ұғымдарын бөліп-жарып қарауға болмайды. Сондықтан, аталған техникалық регламентті жүзеге асыру үшін лифтті пайдалану және қызмет көрсету мәселелерін реттейтін Ұлттық стандарт жасалды», - деді Е. Әмірханова институтта өткен семинарда журналистерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, лифт қауіпсіздігі туралы ЕАЭО-ның техникалық регламенті мен ұлттық стандарт өткен жылдың желтоқсан айында күшіне енген. Алайда, бұл стандарт барлық компаниялар үшін міндеттелмеген. Сондықтан, институт өкілдері лифтілерді қолдану мәселелері бойынша Ұлттық стандартты заңнамалық деңгейде енгізуді көздеп отыр.

«Қазақстанда лифтілерді қолдану мәселелері бойынша Ұлттық стандартты барлық компанияларға міндеттегіміз келеді. Біз оны «Азаматтық қорғаныс» және «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы туралы» ҚР Заңдары аясында ұсынып отырмыз. Одан бөлек, әкімдіктерге бұл стандартты лифт қызметінің дұрыс көрсетілуі үшін жергілікті атқару органдарының актілері аясында қолдануды ұсынамыз», - деді Еркежан Әмірханова.