Қазақстанда лицензияланған қанша майнер бар

АСТАНА. KAZINFORM – 470 мыңға жуық майнинг жабдығы есепке алынды. Бұл туралы Үкімет отырысында Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов мәлім етті.

Фото: Kazinform

- 2023 жылы «Цифрлық активтер туралы» заң күшіне енді. Оған дейін мемлекетте майнерлер өндірген цифрлық активтердің көлемі, пайдаланылатын жабдықтары және саланың жалпы ауқымы туралы толыққанды ақпарат болмаған. Осыған орай заң аясында цифрлық майнерлерді лицензиялау жүйесі енгізіліп, майнинг пулдарды аккредиттеу және майнинг жабдықтарын есепке алу жолға қойылды. Бүгінде елімізде 76 лицензияланған майнер, 5 аккредиттелген майнинг пул бар. 470 мыңға жуық майнинг жабдығы есепке алынды. Ең бастысы, қазір майнинг пулдар бізге өндірілген цифрлық активтер туралы ақпаратты тұрақты түрде ұсынады. Соның нәтижесінде мемлекетте саланың нақты көлемін және одан әрі даму көрсеткіштерін жүйелі түрде бақылауға мүмкіндік пайда болды, - деді Ғ. Байтұрсынов.

Оның сөзіне қарағанда, 2025 жылы майнинг пулдар арқылы шамамен 3 600 биткоин өндірілді, яғни 2023 жылмен салыстырғанда өндіріс көлемі 4 есе өсті.

- Салық түсімдері бойынша да айтарлықтай өсім бар. 2023 жылы саладан бюджетке 9 млрд теңге түссе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 22,4 млрд теңгеге жетті. Бұл ретте салалық түсімдері 2,5 есеге жуық өсті. Бұл – енгізілген жүйенің нақты нәтижесі. Майнерлер есепке алынды, өндірілген цифрлық активтердің көлемі айқындалды, ал бюджетке түсетін салық көлемі артты, - деді вице-министр.

Бұған дейін Қазақстанда криптоамнистия мен майнингке қатысты жаңа ережелер ұсынылғанын жазған едік.