Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, биыл магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге 61 мыңнан астам өтініш (2025 жылы — 51 мың) қабылданды. Ең көп таңдалған білім беру бағыттары қатарында «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» және «Бизнес, басқару және құқық» бар.
Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін кешенді тестілеу электрондық форматта өткізіледі және үш бөлімнен тұрады: шет тілі бойынша тест, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест. Тестілеуге 3 сағат 55 минут беріледі. Шекті балл — 75 балл, оның ішінде шет тілі бойынша кемінде 25 балл, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест бойынша — кемінде 7 балл, білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша: бірінші бейінді пән бойынша — кемінде 7 балл, екінші бейінді пән бойынша — кемінде 7 балл.
Бейінді магистратураға түсуге ниетті түсушілер тек білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест тапсырады. Шекті балл кемінде 30 балл, оның ішінде бірінші бейінді пән бойынша — кемінде 7 балл, екінші бейінді пән бойынша — кемінде 7 балл.
— Тестілеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда онлайн-апелляция беруге болады. Тестіленуші емтихан аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Апелляция 7 жұмыс күні ішінде қарастырылады, одан соң сертификат оқуға түсушінің Жеке кабинетінде қолжетімді болады, — делінген хабарламада.
Еске салайық, магистратурада оқу үшін 2026 жылы 11 мыңға жуық грант бөлінген. Кадрларды даярлауға арналған гранттар сұранысқа ие бағыттар бойынша бөлінеді.
Грант конкурсына құжаттарды қабылдау 12-18 тамыз аралығында жүзеге асырылады, ал грант иегерлерінің тізімі 25 тамызға дейін жарияланады. Болашақ магистранттарды ЖЖОКБҰ-ға қабылдау 28 тамызға дейін дейін жүргізіледі.