Қазақстанда «макарон по-флотски» дайындауға тыйым салған ережелер қайта қаралуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының қоғамдық мониторинг және әкімшілік кедергілермен жұмыс департаментінің директоры Ербол Өстеміровтің айтуынша, бүгінде санитарлық ережелерде ескірген, тіпті, ақылға сыймайтын талаптар баршылық, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Мәселен, "макарон по-флотски" жасауға тыйым салынған, я болмаса, жұмыртқадан жасалатын омлеттің шекті қалыңдығы 3 сантиметр деп белгіленген", - деді Өстеміров кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің бүгінгі отырысында.

Бұдан бөлек, отандық кәсіпкерлер азық-түлікті сақтауға қатысты талаптарды тым тәптіштеп тастағанына наразы. Мысалы, қоғамдық тамақтану орындарында сусымалы азық-түлік өнімдері жататын сөрелер қабырғадан 50 сантиметрге алыс  орнатылуы шарт. Сол сияқты мектепке дейінгі нысандардағы үстелдер күннің көзі түсетін қабырғадан бір метрге шалғай қойылуы қажет. Ал тақтаны жерден 70 сантиметрге артық көтеруге болмайды. "Қазіргі кезде мектепке дейінгі нысандарға қатысты талаптар қайта қаралып жатыр. Білім және ғылым министрлігі 120-дан астам талапты қайта қарап шығуды сұрап отыр. Алайда, нақты шешім әлі шығарылған жоқ", - деп атап көрсетті палатаның өкілі.

Айта кетейік, бүгінгі отырыс барысында  Бас прокуратура ақылға сыймайтын кейбір тексерістерді жариялады.

Прокуратураның департамент басшысы Марат Сексембаевтың айтуынша, жергілікті жерде кәсіпкерлерді тексеретін органдар ойына келгенді істеп, орындауға мүлдем келмейтін талаптарды қойып жүр.

"Атамекен" палатасы кәсіпкерлерге қатысты мыңдаған талаптардың қысқартылғанын мәлімдеді.

Ал Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко дүкеннен қатып қалған нанды қалай сатып алғанын айтып берді.