Қазақстанда макулярлы дегенерация көз ауруына шалдығушылардың саны артып келеді - Тұрсынгүл Ботабекова

АЛМАТЫ. 5 қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Қазақстанда он жыл бұрын көз ауруларымен, оның ішінде жас ерекшелігі макулярлы дегенерация (ЖМД) ауруымен 1 пайыз адам ауырса, қазір халықтың 10-12 пайызы осы және тағы да басқа көз ауруларының әр түріне шалдыққан.

ЖМД ауруы жылдан жылға "жасарып" келеді, кезінде қарттардың ауруы саналса, қазір 40-тан асқан адамдар шалдығуда. Бұл ауру көз жанарының айырылуына әкеліп соғатынын ескерсек, қазірден бастап, дер кезінде анықтауға баса назар аудару қажет. Бұл туралы бүгін Алматыда «Жас ерекшелігі макулярлы дегенерацияны емдеуде қолданылатын инновация соқырлыққа жол бермейді» деген тақырыпта өткен баспасөз мәслихатында ҚР-ның бас офтальмологы, Көз аурулары Қазақ ғылыми-зерттеу институтының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынгүл Ботабекова мәлім етті.

Оның айтуынша макулярлы дегенерация (ЖМД) ауруы көз көрудің күрделі әрі қайта емделмейтін бұзылыстарына әсер ететін басты себеп болып табылады. " Бұл мәселе дамыған елдерде де өзекті проблемалардың бірі. Бүкіл әлемде бұл аурудан 25-30 млн. адам көз жанарынан айырылған. Еуропада халықтың 12 миллионы, 70-тен асқан әрбір бесінші адам бұл аурудан зардап шегуде. Ресейде жас ерекшелік макулярлы дегенерация ауруы бойынша 1000 халыққа шаққанда 15 жағдай тіркелуде. Ал, біздің институтқа 2009 жылы келген адамдардың 5,6 пайызында ЖМД ауруы тіркелді. Елімізде жылдан жылға ЖМД көз ауруына шалдығушылардың саны артып келеді", - деді бас офтальмолог.

Оның айтуынша ЖМД ауруы дамуының басты факторлары - жас мөлшері, қартаюмен қатар, көз ферменттерінің белсенділігінің төмендеуі, генетикалық қалыптасуы, қантамырлар қызметіндегі ауытқулар, жүректің ишемиялық аурулары, темегі шегушілік, дұрыс тамақтанбау болып табылады.

"Бастапқы кезеңдерінде аурудың дамуы ешқандай айқын көрініс таппай өтетіндіктен, ЖМД-ны дер кезеңде анықтау аса маңызды. Кеш анықталған уақытта көз торында қалыптан тыс тамырлардың жаңадан түзілуі байқалады, ал ол ісіну, қан құйылу және көз көруінің едәуір төмендеуіне әкеледі. Сондықтан жүрекке баса мән беретіндей, көзге де баса назар аудару қажет. Жылына бір рет офтальмологтың қабылдауында болу керек. Көздің жанары жоқ болса өмір сүру қиын емес пе?!", -деп атап өтті ол.

Әр түрлі зерттеушілердің мәліметтері бойынша, 43-54 жас мөлшеріндегі адамдардың арасында ЖМД 10-20 пайызға кездесетін болса, ал 75 жастан бастап 85 жасқа дейінгі жас тобында кездесу жиілігі 100 пайызға тең.