Қазақстанда мал жайылымы жетіспейді - ғалымдар

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық ғалымдар елдегі мал жайылымының жай-күйіне алаңдаулы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өкінішке орай, шаруа өз малын алысқа шығара алмайды, өз тұрғылықты жерінен әрі кетсе 50 шақырым радиуста жайып жүреді. Салдарынан елдімекендер маңындағы өрістік жерлерге үлкен зақым келуде», - деді А.И. Бараев атындағы АШҒӨО» ЖШС егістік зертханасының жетекші ғылыми қызметкері Виктор Юрченко Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

А.И. Бараев атындағы АШҒӨО» ЖШС егістік зертханасының жетекші ғылыми қызметкері Виктор Юрченко жайылымдық жерлердің тиімді қолданылмайтынын, оған көптеген мал басының жеке қолда болуы себеп екенін баса айтты.

«Жеке шаруашылықтағы малға ауыл маңынан жайылым жетіспей жатыр. Онда малдың әрбір басына 2,5 гектардан келеді, ал норма бойынша әрқайсысына 8-10 гектар жер керек. Демек, мал жайылымдарына нормадан 2-3 есе артық салмақ түсуде. Бұл мәселені реттеу керек», - деп атап өтті В.Юрченко.

Ғалымның пікірінше, Қазақстанда шамамен 182 млн гектарға жуық үлкен жайылым алқабы бар, 5 млн гектар шабындық және 2,5 млн гектар жер мал азығы дақылдары үшін қолданылады. Әйтсе де, елдімекендер маңындағы жайылымдық жерлерге екі-үш есе артық салмақ түсіп отыр.