Қазақстанда мәслихаттарда шығып қалғандардың орнына жаңа депутаттар сайланды

АСТАНА. 2 сәуір. ҚазАқпарат - Республиканың 13 өңірінде мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына 57 сайлау округінде сайлау өткізілді.

Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының бас маманы Венера Жексембекова хабарлады.

Оның айтуынша, 6 облыстық мәслихаттың, 13 қалалық мәслихаттың және 38 аудандық мәслихаттың депутаттары сайланды.

Ұсынылған 167 кандидаттың ішінен 59-ын саяси партиялар ұсынды, қалғандары өзін-өзі ұсынды.

«Сайлау бюллетеньдеріне 140 кандидаттың тегі енгізілді. Орташа бәсекелестік бір депутаттық мандатқа шамамен 3 кандидатты құрады.

Дауыс беру 275 сайлау учаскесінде өтті», - деп атап өтті В. Жексембекова брифингте.

Дауыс беруге 163433 сайлаушы қатысып, жалпы сайлаушылардың 74 %-ын құрады.

«Жалпы сайлау науқаны сайлау заңнамасы нормаларының талаптарына сәйкес өтті. Орталық сайлау комиссиясына шағымдар мен өтініштер келіп түскен жоқ», - деп түйіндеді В. Жексембекова.