Қазақстанда мәйітті «соймай» сот-медициналық сараптама жасайтын технология қолданысқа енеді

Фото: Фото: «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚОФ

АСТАНА. KAZINFORM –  Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Үкімет отырысында сот-медициналық сараптама шаралары дәстүр мен дінге сай ету үшін компьютерлік томографияны қолдануды ұсынды.

- «Виртуалды аутопсияны» енгізу жоспарланып отыр. Бұл – қайтыс болғандарға сот-медициналық зерттеулер жүргізу үшін компьютерлік томографияны қолдану. Зерттеу мәйітті кеспей (соймай) жүргізіледі. Бұл ұлттық және діни дәстүрлермен қайшылықты болдырмауға көмектеседі, - деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, ол сараптама қызметін автоматтандыру арқылы сараптама жүргізудің ашықтығын арттыруға болатынын айтты.

- Пилот ретінде күрделі емес екі-үш сараптаманы автоматтандыруды жоспарлап отырмыз. Жасанды интеллектті пайдалана отырып, «Е-сараптама 2.0» ақпараттық жүйесінің жаңа нұсқасын әзірлеу қажет. Себебі қолданыстағы жүйе заманауи талаптарға сай келмейді. Оны басқа ақпараттық жүйелермен, жабдықтармен біріктіру мүмкін емес. Бұл зерттеуді жүргізу кезінде сарапшының іс-әрекетін қадағалауға, сондай-ақ зерттеу кезіндегі болуы мүмкін ауытқулар туралы ескертуге мүмкіндік береді. Сарапшының іс-әрекеті мен әрекетсіздігі жөнінде ескертеді. Жүйенің өзінде зерттеу жүргізуге және «адамның қателіктерін» болдырмауға мүмкіндік беретін функция қарастырылады, - деді Ерлан Сәрсембаев.

Айта кетейік, кейінгі үш жылда нотариустардың қызметі 28% қымбаттаған.