Мәйіттік донорлыққа берілген әр келісім бірнеше адамның өмірін сақтауы мүмкін — Айдар Ситказин

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда мәйіттік донорлықты дамыту үшін медицина жағынан барлық жағдай жасалған, алайда бұл саланың дамуына халықтың донорлық туралы ақпараттану деңгейінің төмендігі мен азаматтардың көзі тірісінде өз ұстанымын алдын ала тіркемеуі кедергі болып отыр.

Фото: ОКҚ

Бұл туралы ОКҚ өткен баспасөз мәжілісінде Трансплантацияны және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың директоры Айдар Ситказинов айтты. 

Оның сөзінше, бүгінде елімізде трансплантация орталықтары жұмыс істейді, білікті мамандар бар және трансплантациялық үйлестіру жүйесі жетілдіріліп келеді. Сондықтан трансплантация жасауға медицинаның мүмкіндігі жеткілікті.

— Жүйенің маңызды тетіктерінің бірі — азаматтардың мәйіттік донорлыққа келісетінін немесе келіспейтінін eGov порталы арқылы алдын ала көрсету мүмкіндігі. Қазіргі таңда бұл қызметті 172 283 адам пайдаланған. Оның ішінде 16 109 азамат мәйіттік донорлыққа келісім берсе, 156 174 адам бас тартқан, — деді ол.

Сонымен қатар орталық басшысы азаматтың көзі тірісінде берген келісімі де әрдайым донорлық рәсімнің жүзеге асуына кепіл болмайтынын атап өтті.

— Қолданыстағы заңнама азаматтың көзі тірісінде білдірген ұстанымын міндетті түрде тексеруді көздейді. Сонымен қатар медициналық ұйымдар қайтыс болған адамның туыстарынан да келісім алады. Егер отбасы қарсы болса, медицина қызметкерлері медициналық этика қағидаттарын және жақындарының пікірін құрметтей отырып, ағзаларды алуды жүргізбейді, — деді ол.

Орталық директорының сөзінше, әлемдік тәжірибе мәйіттік донорлықты дамыту тек әкімшілік шаралармен шектелмейтінін көрсетіп отыр. Бұл ретте қоғамның сенімі, халықтың ақпараттануы және ашық диалог шешуші рөл атқарады.

— Мәйіттік донорлыққа берілген әрбір келісім бірнеше пациентке өмір сүруге мүмкіндік сыйлауы мүмкін. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі трансплантация қызметін дамытуды, заңнаманы жетілдіруді, трансплантациялық үйлестіру жүйесін нығайтуды және қоғаммен ашық диалог жүргізуді жалғастырады. Себебі әрбір статистикалық көрсеткіштің артында адам тағдыры мен адам өмірі тұр, — деді ол.

Жалпы Қазақстанда заманауи трансплантация қызметі іске қосылғаннан бері 3 270 ағза трансплантациясы жасалды. Оның 2 726-сы немесе 82%-ы тірі донорлардың қатысуымен, ал 544-і немесе 18%-ы қайтыс болған донорлардың ағзаларын пайдалану арқылы орындалған.
Еске салайық, елімізде донорлық ағзаға мұқтаж 4739 адам трансплантация кезегінде тұр. Олардың 125-і — балалар.

Айта өтейік, бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары — мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ағза донорлығына келісім беретінін айтқан еді.