Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы медициналық блогының меңгерушісі Назигүл Ырымбаева Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазіргі кезде авиация қызметі барлық облыс орталықтарында орналасқан 24 ұшақ пен 13 тікұшақты пайдаланады. Олардың барлығы ҚР Азаматтық авиация комитетінде сертификатталған.
Н. Ырымбаева атап өткендей, әрбір ұшу – құтқарылған өмір. Медициналық авиация бағыттың күрделілігіне қарамастан, көмекке мұқтаж жандарға дер кезінде жетеді. Барлық ұшақтар мен тікұшақтар жоғары технологиялық заманауи медициналық жабдықтармен толық жабдықталған, бұл пациенттерге неғұрлым ыңғайлы, қауіпсіз және барынша жылдам медициналық көмек көрсетуге ықпал етеді.
«2011 жылдан бастап 2021 жылдың қыркүйегіне дейінгі барлық қызмет кезеңінде медициналық авиация желісі бойынша орындалған ұшулар саны 20 161-ді құрады. Ұшу саны жыл сайын артып келеді. Авиацияның арқасында бізге қажетті жерге автокөліктен екі немесе үш есе жылдам жету мүмкіндігі пайда болды», - деп атап өтті Н. Ырымбаева.
Медавиация 35 операция, донорлық органдарды алу және тасымалдау үшін 75 ұшу жүзеге асырды.
Айта кету керек, ел ішіндегі шақырулардан басқа, дәрігерлер ҚР азаматтары мен шетелде қиын жағдайдағы қандастарды халықаралық тасымалдауды да жүзеге асырады. Бүкіл кезең ішінде әлемнің 24 еліне 90 ұшу орындалды.
Н. Ырымбаева жыл сайын республикада медавиацияға шақырулар саны біртіндеп артып келе жатқанын хабарлады. Бұл аталған қызмет түрінен хабардар халық санының артқанын көрсетеді.
2011 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін 26 576 пациентке медициналық көмек көрсетілді.
Н. Ырымбаеваның айтуынша, пандемияға байланысты медавиация бригадалары коронавируспен ауыратын науқастарды тасымалдауға дайын.
«Әуе кемелерінің бортында біз пациенттердің де, медицина қызметкерлерінің де инфекциялық қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. COVID-19 вирусы бар пациенттерді тасымалдағаннан кейін әуе және жерүсті көлігін санитарлық өңдеуге ерекше көңіл бөлінеді», - деді спикер.
Сөзін қорытындылай келе, Н. Ырымбаева Ситуациялық орталықтың тәулік бойы жұмыс істеп жатқанын, оның мамандары сараптамалық топпен бірлесіп, тұрақты негізде анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіндегі пневмонияның ауыр түрімен ауыратын жағдайы ауыр пациенттерге күнделікті мониторинг және талдау жүргізетінін хабарлады. Жыл басынан медицина мамандары мұндай пациенттер үшін 182 872 кеңес өткізді.