«Бүгін медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған іс-шаралардың басталғаны туралы ресми жариялаймыз. Негізгі салтанатты іс-шара 16 маусымда «Астана Операда» өтеді. Онда «Үздік дәрігер», «Үздік ауыл дәрігері», «Үздік провизор», «Үздік техникалық кәсіби білімі бар медицина қызметкері», «Үздік менеджер - денсаулық сақтаудың ұйымдастырушысы», «Үздік медициналық ЖОО оқытушысы», «Санитариялық-эпидемиология саласының үздік дәрігері», «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың үздік маманы» сияқты аталымдар бойынша марапатталады», - деді Алексей Цой.
Сонымен қатар ол еліміздің барлық өңірлерінде «Мен неге дәрігер мамандығын таңдадым» атты флешмоб өтетіндігін айтты.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Ажар Төлеғалиева 16 маусым күні марапатталатын үздік дәрігерлерді әрбір өңірде құрылған арнайы комиссия халық арасында сауалнама жүргізу арқылы анықтайтындығын атап өтті.
«Өңірде үздік танылған дәрігердің аты-жөні министрлікке жіберіледі. Осылайша өңірлерден іріктеп алынған 70-тен астам дәрігер елорда төрінде марапатқа ие болады», - деді Ажар Төлеғалиева.