Қазақстанда медицина қызметкерлеріне санаттар беру мен сертификаттау бойынша жаңа заң нормалары күшіне енді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылдың 9 қазанынан бастап денсаулық сақтау саласы мамандарын сертификаттау мен біліктілік санатын беру процедураларын реттеу мақсатында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің жаңа нормалары күшіне енеді, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметінен.

Жоғарыда аталған нормаларға сәйкес, медқызметкерлердің білімі мен машықтарын аккредителген ұйым бағалайтын болады.

2015 жылдың 16 қыркүйегінде ҚР ДСӘДМ Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығын денсаулық сақтау саласының мамандары біліктілігінің сәйкестігі мен кәсіби дайындығын бағалау құқығын беру үшін аккредиттеді. ДСДРО-ға аккредиттеу туралы куәлік 4 жыл мерзімге берілді. ДСДРО сарапшылары медқызметкерлерді бағалау жұмысын барлық облыс орталықтары, Астана және Алматы қалаларында өткізетін болады. Үміткерлер оң баға алғаннан соң, клиникалық практикаға рұқсат алу үшін маманның сертификаты немесе біліктілік санатын беру куәлігін алу мақсатында комитеттердің аймақтық департаменттеріне хабарласа алады.