Қазақстанда медициналық қызметті тұтыну деңгейі әлі де жоғары - Т.Дүйсенова

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда медициналық қызметті тұтыну деңгейі әлі де жоғары. Бүгін Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының кеңейтілген жиналысында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті. Еске салайық, фракция отырысында «Өлім көрсеткіші жоғары аурулармен күресу бойынша мемлекеттің атқарып жатқан жүйелі шаралары» тақырыбы талқыланған болатын.

Министрдің айтуынша, 2005-2010 және 2011-2015 жылдар аралығында жүзеге асырылған денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөніндегі бағдарламаның нәтижесінде Қазақстанда күтілетін өмір сүру ұзақтығы  71 жасқа ұзарды. Ал халықтың жалпылама өлім-жітімі 15,3 пайызға, ана мен бала өлімі 1,8 есеге төмендеген. «Халықтың денсаулығына қатысты оң динамикалы көрсеткіштермен қатар, қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығына кері әсер ететін факторлар да баршылық. Ондай фактілер әсерінен Қазақстандағы күтілетін өмір сүру ұзақтығы ЭЫДҰ елдеріне қарағанда төмен болып отыр. Бұдан бөлек, Қазақстанда амбулаториялық және стационарлық деңгейде медициналық қызметті қабылдау көрсеткіші әлі де жоғары. Бұл ретте стационарлық емдеуге бағытталатын шығындар бөлінетін барлық қаражаттың 50 пайызын құрайды, ал ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш орташа алғанда үштен бірі ғана.  Бүгінгі күні бір пациентті стационарда емдеу, ауруды ерте бастан анықтаудағы медициналық көмектің түрлеріне қатысты емделетін үш адамға кететін шығынмен тең», - деді Т. Дүйсенова.