«Медициналық техниканы жоспарлау және сатып алу кезеңін ашық жүргізу мақсатында «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасымен көзделген Медициналық техниканың ұлттық базасын құру болып табылады. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының медициналық бұйымдарының номенклатурасы қалыптастырылды. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді, мұнда Медициналық техниканың ұлттық базасын қалыптастыру бойынша министрліктің құзыреті көзделген», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Үкімет отырысында.
Оның сөзіне қарағанда, Медициналық техниканың ұлттық базасын құру үшін медициналық техника номенклатурасының порталын және медициналық техниканы басқару жүйесін интеграциялау жүргізілуде.
«Бұл шаралар жылдың соңына дейін аяқталады», - деді ол.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда медициналық техниканы тиімді пайдаланбау фактілері тергеліп жатқандығы айтылған болатын.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, министрлік медициналық техниканы пайдалану тиімділігін талдау мақсатында 2012-2016 жылдар аралығында сатып алынған техникаға кезең-кезеңмен тексеру жүргізді. Соның ішінде құны 5 млн теңгеден жоғары медициналық техникаға аудит жасалды. Аудит қорытындылары бойынша заңбұзушылықтар анықталды», - деді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Осы орайда сатып алынатын медициналық техника құнының ұлғаюы, медициналық жабдықтың жұмыс істемей тұрып қалуы, медициналық техникаға 3 жыл міндетті сервистік қызмет көрсетілмеуі және басқа да кемшіліктер болған.