Қазақстанда медициналық жедел жәрдем автопаркі жаңартылады

None
АСТАНА. 5 шілде. ҚазАқпарат - ҚР денсаулық сақтау министрлігі  отандық өндірушілерден  2 мың дана Iveco және Hyundai маркалы арнайы медициналық  көліктер сатып алу туралы меморандумға қол қойды. Бұл Қазақстандағы жедел жәрдем паркін жаңартуға ықпал ететін болады.

«Денсаулық саласы үшін жұртшылыққа өте қысқа мерзім - «алтын сағат» аралығында білікті медициналық көмек көрсете алу аса маңызды. Ресми статистика бойынша бұл жол апатынан болатын адам өлімін 42 пайыз төмендетеді. Ол үшін біздегі денсаулық сақтау саласына жедел түрде жәрдем көрсетуге мүмкіндік беретін заманауи жаңартылған жедел жәрдем көліктері керек», - деді денсаулық сақтау вице-министрі Эрик Байжүнісов pm.kz сайтына берген сұхбатында.

Жобаны жүзеге асыру жедел жәрдем паркін жаңартып, қалалық және ауылдық елді мекендерді арнаулы медициналық бағыттағы көліктермен жабдықтауға жағдай туғызады.

Вице-министрдің айтуынша, көліктерді отандық өндірушілерден сатып алу икемді баға саясатымен қоса, олардың көліктерді жөндеу қызметін де көрсетуімен де маңызды.

Сонымен қоса, көлік жасауға әр өңірден климат жағдайына және қажетті медициналық жиынтықтар құрамына байланысты жеке тапсырыстар қабылданады. «АгромашХолдинг» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Дин Ким өз кезегінде зауыттарында арнайы медициналық бағыттағы көліктер дайындалғанын хабарлады.

«ҚР денсаулық сақтау министрлігінің талаптарына сай, біз IVECO автокөлігі базасында көлік жасап, оны ең жаңа қондырғылармен жабдықтадық. Бұл автокөліктің сапалық сипаттамасы әлемдік стандарттарға жауап береді», - деді Дин Ким pm.kz. сайтына берген сұхбатында.

Осылайша, медициналық бағыттағы автокөлік өндіру отандық көлік жасау өнеркәсібін дамытып қана қоймай,  қосымша жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік береді.