Жаңа түзетулер медициналық ақпараттың қауіпсіздігін арттыруға, киберқауіпсіздік жүйесін күшейтуге және денсаулық сақтау саласындағы дербес деректермен жұмыс істеудің бірыңғай тәртібін қалыптастыруға бағытталған.
Министрлік қазіргі таңда цифрлық сервистердің қарқынды дамуы ақпараттық қауіпсіздік талаптарын үнемі жаңартып отыруды қажет ететінін атап өтті. Осыған байланысты медициналық ақпараттық жүйелерге қойылатын техникалық талаптарды жетілдіру көзделіп отыр.
Жобаға сәйкес, меншік нысанына қарамастан, барлық медициналық ұйым үшін пациенттердің жеке медициналық деректеріне қол жеткізу тәртібі нақтыланады. Сонымен қатар, пайдаланушылардың медициналық ақпараттық жүйелерге кіру құқықтарын шектеу және ажырату талаптары күшейтіледі.
Сондай-ақ, пациенттердің деректер құпиялылығын сақтау бойынша техникалық әрі ұйымдастырушылық талаптарды жаңарту ұсынылған.
Министрлік енгізілетін өзгерістер азаматтардың медициналық көмек алу құқығына ешқандай шектеу қоймайтынын мәлімдеді. Түзетулер тек медициналық ақпаратты сақтау мен өңдеудің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
— Өзгерістер медициналық қызмет көрсету тәртібін өзгертпейді және халық үшін цифрлық сервистердің қолжетімділігіне әсер етпейді, — делінген құжатта.
Ведомствоның мәліметінше, жаңа талаптар денсаулық сақтау саласының цифрлық инфрақұрылымының тұрақтылығын арттырып, деректерге заңсыз қол жеткізу тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар азаматтардың жеке медициналық мәліметтерін қорғау деңгейі күшеймек.
Айта кетейік, түзетулер 2026 жылғы 9 қаңтарда қабылданған Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексіне және цифрландыру мәселелері бойынша заңнамалық өзгерістерге сәйкес әзірленген.
Құжат қоғамдық талқылау үшін «Ашық НҚА» сайтында 8 маусымға дейін жарияланған.
Еске салайық, Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру күшейтіледі.
Камила Тайтөлеу