Қазақстанда мелодрама, детектив, хоррор жанрлары дамыса дейміз – Қобыланды Болат

Фото: Қ.Болаттың жеке мұрағатынан

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Елордада Comic Con Astana-2025 – ТМД мен Орталық Азиядағы ең ірі поп-мәдениет фестивалі басталды.

Шарада комикс, кино, ойын және поп-мәдениет сүйер қауым бас қосады. Басқосуда қонақ болған белгілі актер Қобыланды Болат Қазақстандағы киноиндустрияның дамуы туралы пікір білдірді.

- Менің ойымша қазіргі таңдағы қазақ киноиндустриясы жақсы дамып келе жатыр. Режиссер, продюсер, сценарист, актерлар болсын әркім өз департаментінде жан-жақты дамып жатыр. Шетелдегілер де көптеп қызығушылық танытуда. Жақында ғана Netflix келіп кетті. Десе де, Қазақстанда медодрама, детектив, хоррор жанрындағы фильмдер дамыса деймін. Ал комедия біздің елімізде жеткілікті деңгейге көтерілді, - дейді өнер жұлдызы Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.

Актер қазақ тілді дубляж саласын дамытуға баса назар аудару керектігін жеткізді.

- Мен анау айтарлық кәсіби дубляж актеры емеспін. Бірақ біз қолымыздан келгенше барымызды салуға тырысып жатырмыз. Біздің елімізде Шах-Мұрад Ордабаевтың режиссерлығымен керемет жобалар жасалды. Ол «Моана 2», «Аватар» фильмінің 1 және 2-бөлімдері. Жақында 3-бөлімі шығады. Онда да жұмыс істейміз. Маған бұл сала өте қызық. Қазақ дубляж индустриясын барынша дамытуымыз керек және қазір осы дубляжға қызығушылық танытатын көптеген актерлер бар. Сондықтан бұл саладағы барлық әріптестеріме сәттілік тілеймін, - дейді ол.

Еске сала кетейік, Қазақстандық «Набат операциясы» мен «Ағайындылар» фильмі жақында ғана Қытайда өткен кинофестивальде қытай көрерменіне көрсетіледі.