Бұл туралы бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселесінде әйелдердің рөлі тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Александр Данилов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бізге азаматтық қоғамның қатысуын кеңейте түсу керек. Гендерлік саясат – ол біздің басымдық беретін бағыттың бірі. Осы орайда бізді барлық осы тектес бастамаларға тартуға шақырамын. Сіздерді бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз. Біздің алдымызда жалпы қоғамдағы жағдайды жақсарту мақсаты тұр. Сондықтан бұл жауапкершілігі мол міндет баршамызға ортақ», - деді А. Данилов Сыртқы істер министрлігіндегі жиында.
Осы орайда ол аталған бағытта өңірлердегі жұмыстарды күшейту маңызды екенін атап өтті.
«Бұл мәселеде өңірлердегі жұмыстарды нығайтпақпыз. Барлық жерде бұл тақырыпта әйелдердің білімі мен хабардарлығын көтерумен қатар, ерлердің де білімін шыңдауға екпін қою керек. Біз жоспарларды, келісімдерді, қарарларды іске қосуда, сондай-ақ нәтижелерге қол жеткізуде көмектесетін боламыз», - деді вице-министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, А.Балаева Қазақстанда қызметтің барлық саласында әйелдердің жұмысын ілгерілету тұрғысында табысты көрсеткіштерге қол жеткізілгенін айтты.