Қазақстанда мемлекеттік арналарда жарнаманы шектеу ұсынылды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Хабар» агенттігі басқарма төрағасының орынбасары Ринат Кертаев Қазақстан медиа саммитінде мемлекеттік арналарға жарнама беруді азайтуға қатысты айтылған ұсынысқа пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БАҚ басшылары бас қосқан жиында КТК телеарнасының бас директоры Қанат Сахириянов мемлекеттік арналарға жарнаманы беруді азайту мәселесін көтерді. 

«Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарына жарнама беруге тыйым салу туралы былтыр көтерілген заңнамалық бастаманы еске сала кетейік. Бұл не үшін жасалды? Себебі, шетелдік телеарналар біздің медиа саламызға бір цент немесе бір рубль салмастан, біздің нарықтан қомақты қаржы алып отырды. Енді жарнамаға қатысты мемлекеттік және жеке телеарналар мәселесін қарау қажет. Мемлекеттік арналар мемлекет бюджетінен қаржыландырылады. Мемлекет бюджеті деген ол - сіз бен біздің салығымыз», - деді КТК телеарнасының бас директоры Қанат Сахириянов.

Ол мемлекеттік арналар да жеке телеарналар төлеген салық есебінен қаржы алып отырғанын тілге тиек етті.

«Біздің әріптестеріміз біріншіден, біздің салық есебінен қаржыландырылады. Екіншіден, олар сапалы контенті арқылы жарнама нарығының жарты бөлігін бұрып алады. Ал, жарнама - біздің жалғыз табыс көзіміз», - деді Қ.Сахириянов.

Сөз кезегін алған «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасының орынбасары Ринат Кертаев мемлекеттен бөлінетін 36 млрд теңге 7 мемелкеттік арна мен 13 аймақтық арналарды және республикалық радио стансаларды қаржыландыруға кететінін жеткізді.

«Жарнамаға қатысты айтатын болсақ, мемлекеттік арналарда жарнаманы азайту деген мәселеге мен қосыла алмаймын. Себебі, жарнамадан түсетін қаржыны біз жаңа техникалар мен оны жаңарту, жөндеу жұмыстарына жұмсаймыз. Мемлекет мемарналарға техника сатып алуға, техникалық қажеттіліктеріне қаражат бөлмейтінін ескеріңіздер», - деді Ринат Кертаев.

Сонымен қатар, 31 арнаның бас директоры Бағдат Қожахметов мемарналарға жарнаманы шектеумен қатар, олар тарапынан шетелдік контентті сатып алуға тыйым салу қажеттігін де сөз етті.