Қазақстанда мемлекеттік аудит халықаралық стандарттарға көшеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» ҚР Заңы қабылданды. Құжат Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы тапсырмаларын іске асыруға бағытталады.

Мәселен, Ұлт жоспарының «Аудиттің жаңа жүйесін енгізу және мемлекеттік аппараттың жұмысын бағалау» атты 93-ші қадамына сәйкес аудит жүйесін жаңғырту «Есеп комитеті бірінші сыныпты әлемдік аудиторлық компаниялар үлгісімен жұмыс істейтін болады және ағымдағы операциялық бақылаудан шығарылуын» көздейді. Осыған орай, қабылданған заңның ережелері аудитті халықаралық стандарттарға көшіруді қарастырады.

Бұдан бөлек, заң жобасының басты мақсаты - қаржылық бақылаудың құқықтық қолдану тәжірибесін ескере отырып, мемлекеттік аудиттің кешенді жүйесін құру. Жобаны әзірлеу барысында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының мүше мемлекеттерінің тәжірибесі талданды. Тұтастай алғанда заң жобасы арқылы Қазақстан халықаралық кәсіби аудит стандарттарын енгізетін болады.

Сонымен қатар, мемлекеттік аудит түрлері бойынша тиімділік аудитіне, қаржылық есептілік аудитіне және сәйкестік аудитіне бөлінеді. Оның ішінде мемлекеттік аудиттың өзі сыртқы және ішкі аудитке бөлінеді. Тұтастай алғанда, заңды қабылдау мемлекеттік аудиторларға қойылатын біліктілік талаптарына, сондай-ақ олардың тәуелсіздігіне кепілдік береді.

Сонымен қатар, қабылданған заң Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің өкілеттігін кеңейтеді. Атап айтқанда, Есеп комитеті республикалық бюджет жобасын алдын ала бағалау, жинақталған қаржылық есеп берудің (республика деңгейінде) жыл сайынғы аудитін іске асыру, мемлекеттік қарызды қалыптастыру және басқару, еліміздің Ұлттық Банкінің аудиті секілді жаңа міндеттерге ие болады. Есеп комитетіне сондай-ақ қаржы-экономика саласындағы ұлттық қауіпсіздікті анықтау, талдау, бағалау және болжау жөніндегі өкілеттіктер де беріледі.

Сондай-ақ депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат мемлекеттік бюджет қаржысын пайдалану барысында әкімшілік құқық бұзушылық орын алған жағдайда мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарына әрекет ету саласына өкілеттіктер береді. Сонымен бірге, Парламентте Есеп комитетінің құқықтарын жүзеге асыруға бағытталған ережелер белгіленеді.