Қазақстанда мемлекеттік борышты басқару тәртібін реттеу тәсілдер әзірленеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда мемлекеттік борышты басқару тәртібін арттыруға бағытталған тәсілдер әзірленеді. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде Қазақстанда борыштық орнықтылықты бағалау кезінде Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта, Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасында және Жаңа бюджет саясаты тұжырымдамасында белгіленген борыштық ковенанттар қолданылады. Тиісті ковенанттарда негізгі бағыттар мен индикативтік параметрлер регламенттелген, оларды ұстау мемлекеттік борыш деңгейін қауіпсіз мәндерде ұстап тұруға бағытталған», - делінген бірінші вице-министр жауабында.

Оның атап өтуінше, бұдан басқа мемлекеттің борыштық міндеттемелерін реттеу құралдарының бірі - лимиттеу. Жыл сайын республикалық бюджет туралы заңда қарыз алу, мемлекеттік кепілдіктер мен кепілгерліктерді беру лимиттері белгіленеді.

«Бұл ретте, Қазақстан Республикасының Президентінің жанындағы реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің макроэкономикалық саясат жөніндегі комитетінің отырыстарында мемлекеттік борышты басқару мәселесі де қаралуда. Сондай-ақ, Үкімет елдің мемлекеттік борышты басқаруды жетілдіру мақсатында нормативтік құқықтық актілерге түзетулерді пысықтауда. Осыған байланысты, мемлекеттік борышты басқару тәртібін арттыруға бағытталған тиісті тәсілдер әзірленетін болады және жаңа бюджет саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын өзектендіру шеңберінде өз көрінісін табады», - деп атап өтеді Әлихан Смайылов жауабында.