Қазақстанда мемлекеттік қызметшілер қанша сағат артық жұмыс істейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі елімізде мемлекеттік қызметшілердің орташа есеппен қанша сағат артық жұмыс істейтіндігін есептеп шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекеттік органдардағы артық жұмыс уақытына қатысты айтар болсам, негізінен бұл мәселе мемлекеттік органдардың қызметін бағалаудың мәні саналады. Иә, мемлекеттік қызметте артық жұмыс істеу бар. Бірақ, бұл жаппай сипатқа ие құбылыс деп айтуға болмайды. Егер мемлекеттік органдардың әкімшілік ғимараттарына қызметшілердің кіруін бақылау жүйесін зерделеу арқылы алынған ресми мәліметтерге көз жүгіртер болсақ, онда артық жұмыс істеу орташа 1 сағат 19 минутты құрайды. Бұл ретте қызметшілердің белгілі бір шұғыл тапсырмалар болған жағдайда жиі бөгелетіндігі белгілі. Сондықтан бұл күнделікті орын алатын жайт деп айту шындыққа жанаспас еді», - деді Үкімет үйінде өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шаимова.

Оның айтуынша, Қазақстанда мемлекеттік қызметке лайықты кадрларды тарту үшін барлық жағдай жасалған.

«Мұны біз жүргізген сауалнама нәтижесі де растап отыр. Оған сәйкес қызметшілердің 70 проценті бүгінде мемлекеттік қызметке дарынды әрі білікті кадрлар келеді деп санайды», - деді ол.