Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдері болатын арнайы корпорация құрылады - АЭФ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдері болатын арнайы корпорация құрылады.

Бұл туралы бүгін Астана экономикалық форумында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің төрағасы Сәкен Сәрсенов мәлім етті.

«Біз мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдері болатын мемлекеттік корпорация құрамыз. Бұл Канада мен Австралия елдерінің тәжірибесі. Қазақстан азаматтары барлық мемлекеттік қызметтерді бір жерден алатын болады. Сонымен қатар біз үкіметтің толықтай ашық болуын қамтамасыз етеміз. Үкімет мемлекеттік құпиялардан бөлек, өз қызметінің барлық мәліметтерін ұсынады. Сонымен қатар орталық мемлекеттік органдардың статистикалық мәліметтері онлайн режімде қолжетімді болады», - деді ол.

Оның айтуынша, Елбасының «100 нақты қадам» бағдарламасында бірыңғай қызметтер ұсынатын корпорация құру жөнінде тапсырма берілген. Ол Халыққа қызмет көрсету орталықтары базасында құрылмақ. «Онда мемлекеттік қызметтер ұсынатын барлық ұйымдар топтастырылатын болады. Барлық мемлекеттік қызметтерді осы корпорация ұсынады. Азаматтар тек бір жерге барып, өзіне қажетті қызметті ала алады», - деді С.Сәрсенов.

«Осылайша, біз мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етеміз. Бұл өз кезегінде мемлекеттік саясатты қалыптастыру кезінде азаматтардың белсенді атсалысуына септігін тигізеді. Бүгінде ашық мәліметтер порталы жұмыс істеп жатыр. Көлік, қауіпсіздік, медицина, білім беру, әлеуметтік қорғау салалары бойынша 219 мәліметтер тобы ұсынылған», - деп атап өтті ол.