Қазақстанда мемлекеттік қызметтің өзіндік бірегей моделі құрылған - Ә.Байменов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда мемлекеттік қызметтің өзіндік бірегей моделі құрылған. Бұл туралы бүгін Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов мәлім етті.

«Қазақстан Тәуелсіздік жылдары ішінде әлеуметтік-экономикалық, саяси және әкімшілік реформалардың ауқымды жолын еңсерді. Ал оның негізгі құрамдас бөлігі мемлекеттік қызметті жетілдіру болып табылады. Бұл салада Қазақстан көшбасшы елге айналған», - деді ол «Мемлекеттік қызметтің қазақстандық моделі: Тәжірибе мен келешек» тақырыбындағы семинар барысында.

Оның атап өтуінше, 90-шы жылдардың ортасында Қазақстанда үздік әлемдік тәжірибені зерттеу бойынша жұмыс тобы құрылып, мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың сапасын үздіксіз арттыру қамтамасыз етілді.

«Мемлекет басшысы проблемалар мен жетістіктерді сараптай келе, 2011 жылы мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасын бекітті. Ол соңғы 3 жыл бойы табысты жүзеге асырылуда. Бұған қоса, біз үздік халықаралық тәжірибені зерделедік, бірақ, ешкімнен көшіріп алмадық. Нәтижесінде мемлекеттік қызметтің бірегей қазақстандық моделі құрылды», - деді Ә.Байменов.