«Заң жобасында электронды ақпараттық ресурстарды аса маңызды инфрақұрылым ретінде резервтік сақтауға арналған бірыңғай платформа құру қарастырылған. Бұл нені білдіреді? Маңызды ақпараттарды, жоғалған жағдайда мемлекеттік процестердің тоқтауына әкеп соғып, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін ақпараттарды және мемлекеттік органдардың деректер базасын Үкімет аса маңызды деп бекітеді. Биылғы жазда жасалған шабуылдар әлем бойынша көптеген ақпараттық жүйелерді шифрлап тастады», - деді Ғ.Тәтенов ҚР Парламенті Сенатының әлеуметтік мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында.
Тәтеновтың айтуынша, резервтік платформалар арқылы негізгі ақпарат жоғалған жағдайда, Интернетке қосылмаған дербес көшірмелер көмекке келеді.
Сондай-ақ, барлық Қазақстан тұрғындарының деректер базасының көшірмесін алу жоспарланып отыр, осы арқылы төтенше шабуыл жағдайында жеке деректердің жоғалуына жол берілмейді.
Мемлекет басшысының Қазақстанның киберқорғанысын құру туралы тапсырмасын орындау мақсатында ҚР ҰҚК мен ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау кодексіне өзгерістер енгізуді ұсынды. ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ақпараттық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган болмақ.
Заң жобасына сәйкес, Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау кодексіне электронды ақпараттық ресурстарды резервтік сақтау бірыңғай платформасындағы көшірмелердің жіберілуі дәрігерлік құпияны жариялау болып табылмайтыны көрсетілетін тармақша енгізіледі.