Қазақстанда мемлекеттік сатып алу орталықтандырылады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда мемлекеттік сатып алу орталықтандырылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көптеген мемлекеттік және бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар, мысалы мектептер мен ауруханалар мемлекеттік сатып алумен айналысады. Ол жалпы тиімсіздікке себеп болып, жемқорлық істерді көбейтеді. Сондықтан қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алуды орталықтандыру мәселесімен айналысып жатырмыз», - деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның дерегінше, қазіргі уақытта да мемлекеттік сатып алудың 15 пайызы орталықтандырылған. Яғни, бір сатып алушымен ғана сатып алынады.

«Алдағы уақытта 100 пайызға жеткізсек деген ойымыз бар. Демек, мемлекеттік сатып алумен республикалық деңгейде бір, облыстық деңгейде бір, аудандық деңгейден бір ұйым ғана айналысады. Бұл біріншіден – жауапкершілік, екіншіден – тиімділік, үшіншіден жемқорлық тәуекелдері төмендейді. Соның нәтижесінде қосымша бюджет қаражат үнемделеді», - деді Әлихан Смайылов.