Қазақстанда менімен қазақша сөйлескенде, жағдай басқаша болатын еді - әртіс С. Безруков

АСТАНА. 26 маусым. ҚазАқпарат - Егер қазақстандық киногерлер тарапынан ұтымды бір рөлдерде ойнауға ұсыныс түссе, мен оны ойнап беруге дайынмын. Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында журналистердің сауалдарына жауап берген Ресейдің танымал әртісі Сергей Безруков осылай айтты.

Негізі, сұрақтың өзі былай деп қойылды: «Сіз Астанаға жыл сайын келіп тұрасыз. Содан бері қазақша үйреніп, өлең оқып беретін ойыңыз болған жоқ па?» Әртіс оған: «Білесіз бе, бұл жерде бізбен тек орыс тілінде ғана сөйлеседі. Бізбен қазақша сөйлескенде, жағдай мүлдем басқаша болатын еді... Қазір қазақша өлең оқи алмаймын. Жалпы, қазір Тимур Бекмамбетовпен жақсы жұмыс істеп келеміз. Ал Қазақстанның тарапынан әзірше «бандит» рөлінен басқа маған ештеңе ұсынған жоқ. Сондықтан бұл жерде кылмыстық серкелердің рөлдерінен бөлек қызықты бір кейіпкерлерді ойнап беруге ұсыныс жасаса, мен оны қуана-қуана қарсы аламын», - дейді С. Безруков.