Қазақстанда менингококк инфекциясымен сырқаттану жағдайлары азайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда соңғы 25 жылда менингококк инфекциясымен сырқаттану көрсеткіші 1991 жылғы 100 мың тұрғынға шаққанда 743 жағдайдан (оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 611 жағдай) 2015 жылғы 424 жағдайға дейін (балалар арасында 273 жағдай), яғни 1,75 есеге азайды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінен хабарланды.

«Менингококк инфекциясы - клиникалық белгілері аурудың жеңіл түрі назофарингиттен бастап, менингит және сепсис түріндегі ауыр формаларында кездесетін жіті жұқпалы ауру. Менингококк инфекциясы көп жағдайда өлімге әкелуімен, қоршаған ортаға қарқынды әрі жылдам түрде таралуымен, ауыр асқынуларымен аса қауіпті. Инфекцияны сырқаттанған адам мен менигококк тасымалдаушы таратады. Ауа тамшылары арқылы жұғады. Инкубациялық кезең 2 күннен 20 күнге дейін созылады, көбінесе 2-4 күн»,-делінген ведомство мәліметінде.

Сырқаттанудың 3 негізгі түрі бар: жіті назофарингит; менингококкті менингит, менингококцемия - менингококкті сепсис.

Назофарингитпен сырқаттанған жағдайда дене қызуының 1-3 күнде жоғары көтерілуі, бастың ауыруы, жұтқыншақтың шырышты қабығының қабынуы мен ісінуі, тамақтың жыбырлауы мен ауыруы, мұрынның бітеліп қалуы байқалады.

Менингококцемиямен сырқаттану кезінде дене қызуының кенеттен көтеріледі, жұлдызша түріндегі дұрыс емес формадағы геморрагиялық бөртпелер, бөртпенің ірі элементтерінің ортасында некроздар пайда болып, тері мен шырышты қабатқа ірі қан құйылуы мүмкін. Тиісті емдік шаралар қолданбаған жағдайда менингококцемиямен сырқаттанған адамдар жұқпалы-уытты шоктан ауырудың 1-2 күндері өлім жағдайы болады.

Менингококкті менингитпен және менингококцемиямен сырқаттанған адамдар (сонымен бірге, аталған ауруларға күдік пайда болғанда) арнаулы бөлімдерге шұғыл түрде госпитализациялануы керек.

Менингококкті инфекциямен көбінесе (кездесетін жағдайдың 80%-ы) 14 жасқа дейінгі балалар сырқаттанады. Әрбір 10-12 жылда аурудың өсуім байқалады. Бұл ұжымдық иммунитеттің төмендеуі мен қоздырғыштың ауысуына байланысты.