Атап айтқанда, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралды.
Құжатта мерзімді әскери қызметті өткеру кезеңінде қарыз алушыға кредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру қарастырылған.
Сонымен қатар Сенат депутаттары запасқа жаңадан босатылған әскери қызметшіге жұмысқа орналасу және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру үшін қосымша уақыт беру нормасын енгізді. Бұл тұрғыда Заң аясында мерзімді әскери қызметті өткеру кезеңіне қарызды өтеу бойынша мерзімін кейінге қалдыру қосымша 60 күнге ұзартылмақ.
«Банктер мен микроқаржы ұйымдары оларға талап қоймауы үшін мерзімді әскери қызметтегі борышын өтеп келгендерге 60 күн уақыт қостық. Бұл қадам әскерден келгендерге банк ұйымдары бірден қарызды өтеуді талап етпес үшін жасалды. 60 күн мерзім әскери борышын өтеген жастарға жұмысқа орналасып, төлем қабілетін қалпына келтіруге мүмкіндік береді», - деді депутат.