Қазақстанда «Мейірімділік апталығы» басталды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда «Игі істер марафоны» республикалық жобасы аясында 20-26 сәуір аралығында өтетін «Мейірімділік апталығы» бастау алды, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Ведомство мәліметінше, бастама волонтерлік пен қайырымдылық мәдениетін дамытуға бағытталған.
— Бір апта бойы ел көлемінде мемлекеттік органдар, білім беру және медициналық мекемелер, үкіметтік емес ұйымдар мен волонтерлердің қатысуымен түрлі игі іс-шаралар мен акциялар өткізіледі. Әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға қолдау көрсетуге, жануарларға жауапкершілікпен қарауға және қоршаған ортаны қорғауға баса мән беріледі, — делінген хабарламада.
Жоба қазақстандықтарды игі істерге жұмылдырып, қоғамдағы бірлікті нығайтуды, қайырымдылық пен адамгершілік құндылықтарын кеңінен дәріптеуді көздейді. Республика бойынша іс-шараларға мыңдаған адам қатыспақ.
«Кішкентай қадам — үлкен өзгеріс!» ұранымен жүзеге асып жатқан бастама әр адамның үлесі маңызды екенін айқындайды.
Акцияға кез келген адам әлеуметтік желілерде өз игі істерімен бөлісіп, #ИгіІстерМарафоны2026, #МарафонДобрыхДел2026 және #MarathonOfGoodDeeds2026 хэштегтерін белгілеу арқылы қосыла алады.
Осыдан бұрын Қазақстанда еріктілерге арналған «Мейірім» ордені пайда болғанын жазғанбыз.