Елордада өтіп жатқан ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңындағы Шолу конференциясының «Мигранттарға қатысты төзімсіздік» сессиясында сөз алған Л.Гумилев атындағы Еуразия университеті әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы, тарих ғылымының докторы Зиябек Қабылдинов осындай пікір білдірді.
Оның пікірінше, Қазақстанның экономикалық жағынан қарқынды дамуы әрі фашистік, лаңкестік ұйымдардың болмауы, халықаралық, дінаралық татулықтың мығым орнауы арқасында елімізге келетін мигранттар нөпірі мол болып отыр. Оларды атажұртына оралатын этникалық қазақтар, көрші мемлекеттерден келетін 1 миллионға жуық жұмыс күші және елімізге білім қуып келген жастар құрайды.
«Қазақстан сырттан келген мигранттарға өзінің ашықтығымен, қонақжайлығымен, жұмсақтығымен қарайды. Бұл тұрғыда бізде ешқандай проблема жоқ. Ал қалған ЕҚЫҰ-ға мүше 55 мемлекет бұл мәселені шешуі керек. Менің ойымша, мигранттарға қатысты проблемалаларды күн тәртібінен алып тастағымыз келсе, этнос және дін деген пәнді мектептерде оқулық ретінде енгізу қажет. Оның бір бөліміне толеранттық тәрбие беретін білімдерді енгізуге болады. Сонда ғана мигранттарға қатысты проблема жүйелі түрде шешіледі», - деді З.Қабылдинов.