Қазақстанда микроқаржы қызметтеріне қойылатын бірыңғай талаптар енгізіледі

Коллаж: Kazinform/ Canva

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржылық қызметті жүзеге асырудың бірыңғай шарттарын белгілейтін қаулы жобасын әзірледі.

Құжат микроқаржы ұйымдарының жұмысын ашықтығын көрсету, қаржылық өнімдер туралы мәліметтің анықтығын арттыру және тұтынушылардың құқығын қорғауды күшейтуді көздейді.

Бұрын бұл саланы реттейтін 5 бөлек құжат болса, енді оның бәрі бір ережеге біріктірілді. Жаңа талаптар бойынша:

– Микроқаржы ұйымдары (МФО) жарнамада және цифрлық арналарда несие шарттарын толық әрі түсінікті ашуға міндеттеледі.

– Келісімшартқа отырмас бұрын клиентке өнімнің негізгі шарттары жазылған ақпараттық құжат беріледі. Сондай-ақ оның қаржылық жағдайының сәйкестігі тексеріледі.

– Құжатта микроқаржы ұйымдарға тән жосықсыз іс-әрекеттердің тізімі айқындалып, оларды анықтау тәртібі бекітіледі.

– Қарызды өндіру кезінде клиентпен арадағы барлық байланыс аудио және видеоға міндетті түрде жазылуы тиіс.

Жобаны талқылау «Ашық НҚА» порталында 16 ақпанға дейін жалғасады.

Айта кетейік, бұған дейін несие рәсімдеу алдын нені білу қажеттігін жазған едік.