«Қалаларда экологиялық жағынан айтарлықтай өзгеріс жоқ. Екінші жағынан біз кәсіпорындардың өндірістік көлемін арттырғанын байқап отырмыз. Қай жағдайда да қалалардың экологиялық ластануы төмендейтін емес. Ал осы мәселеде бір жағдайға назар аударған жөн. Кәсіпорындар экологиялық қажеттіліктер үшін мемлекетке ақша төлемей ме!? Мысалы, Теміртауда қара түсті қар жауды. Бірақ мәселенің анық-қанығына көз жеткізген кезде ірі кәсіпорындар мен әкімдіктердің өзара бірлескен жүйесіне назар аударған жөн. Себебі, әкімдіктер ірі кәсіпорындардан қомақты экологиялық төлемдер алады. Олар ондаған млрд теңгеге жетеді. Алайда әкімдіктер ол қаржыны экологиялық мақсатта жұмсамайды», - деп мәлімдеді Николай Радостовец.
Оның айтуынша, Қарағанды облысында кәсіпорындардан түскен экологиялық төлемдер мен айыппұлдардың тек 0,70 пайызы өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту үшін жұмсалады. Сол секілді аталған түсімнің Қостанай облысында 3 пайызы, Павлодар облысында 3,2 пайызы ғана экологиялық мақсатқа бағытталған.
«Бұл облыстар экологиялық жағдайын жақсартуы қажет өңірлер екені даусыз», - дейді ол.
Николай Радостовец экологиялық түсімдерді кәсіпорындарға қалдыруды ұсынды. Есесіне, оларға өздеріне қарасты нысандарда тазарту құрылыстарын салу ұсынылмақ. Сонымен бірге, Радостовецтің айтуынша, аталған қаражатқа қоғамдық бақылау орнатылғаны дұрыс.