Қазақстанда мобильді «Дәрігер» іске қосылды

АСТАНА. 23 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Dariger» атты электронды жүйенің мобильді нұсқасы таныстырылды. Оны планшет немесе смартфонға салып, кез келген ауру-сырқатты емдеудің жолдарын білуге болады.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің департамент директоры Бейбіт Есенбаевтың айтуынша, аталған мобильді қосымша арқылы ем-домның хаттамаларын алып, оқуға болады. «Дәрігер үшін бұл көмекші сияқты, ол хаттамаларды оқып, ауру-сырқатты емдеудің жолдарын нақтылай алады. Ал қарапайым халық үшін - қазіргі медициналық қызметтер туралы толыққанды ақпарат. Қазақстанның кез келген азаматы сайтқа кіріп, оның ауруын қалай емдеу қажеттігін біле алады», - дейді Б. Есенбаев. Айта кетейік, «Dariger» атты электронды жүйенің мобильді нұсқасы Қазақстанда жасалған. Әзірше, оны тек Android (2.1-ден жоғары) операционды жүйесі бар құрылғыларға ғана көшіріп алуға болады.