«Қазақстанның қоры қазіргі таңда 5,5 млрд тонна мұнайды құрап отыр. Бұл алынатын қор. Геологияллық қордың көлемі шамамен 15 млрд тонна. Ірі кен орындардың көптеген бөлігі 5 шақырым тереңдікте орналасқан, алайда геологтар одан да көп тереңдікте мұнай бар деп есептейді. Сондықтан болжамды ресурстар 75-76 млрд тоннаға жетті. Бұндай көрсеткіштер Каспий маңы ойпаты мен Каспий теңізі қайраңының мүмкіндіктерін қайта бағалауға байланысты жасалды. Мұнай 5-тен 12 шақырым тереңдіктегі тұзды күмбездердің астында орналасқан», - деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамының президенті Балтабек Қуандықов.
Балтабек Қуандықовтың айтуынша, бұл болжамды 15 шақырым тереңдіктегі ұңғыманы бұрғылау арқылы растауға болады. Жобаны жүзеге асыру үшін халықаралық консорциум құрылды.